ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылғы 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені ашылған.
ЭКСКУРСИЯ БАҒДАРЛАМАСЫ
«АЛЖИР» деген атпен танылған атақты лагердің (Отан сатқындары әйелдерінің Ақмоладағы лагері) тұтқыны болған Гертруда Платайс есімді әйел 1990 жылы Қазақстанға келгенде «АЛЖИР» музейінің қызметкерлеріне жергілікті қазақтарды алғаш рет қалай көргенін және олардың тұтқындарға қалай қарағанын айтып берген еді.
Бораны ұлыған қыстың бір күнінде тұтқын әйелдер барақ салу үшін, таңмен таласып, күшейтілген күзеттің бақылауымен Жалаңаш өзенінің бойына қамыс жинауға шығады. Бір мезгілде қалың қамыстың арасынан маңайдағы Жаңашу деп аталатын ауылдың бір топ шал-кемпірі мен бала-шағасы атып шығады. Сөйтеді де балалары үлкен кісілердің бұйрығы бойынша қалжырап, әлсіреген әйелдерге тас лақтыра бастайды (әйелдер өздеріне міндеттелген 40 бау қамысты жинау үшін аязды күннің өзінде 17-20 сағат жұмыс істеуге мәжбүр болатын еді). Бұны көрген жендеттер мазақ етіп күле бастайды: «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеу ғана емес, осы жақтағы ауылдың балалары да жек көреді».
Гертруда Платайс та, басқа тұтқын әйелдер де осы оқиғаны еске алғанда, балалардың әрекеті өздеріне соншалық ауыр тигенін, бәрінен бұрын моральдық тұрғыдан өте қиын болғанын айтатын.
Оқиға бірнеше рет қайталанады. Мазаққа ұшыраған әйелдер үшін тағдырға мойынсұнудан басқа, сталиндік пропагандаға уланып, ұр да жық мінезге, қатыгездікке бой алдырған қазақтардың әділетсіздігіне ренжуден өзге ештеңе қалмағандай еді… Тек бір күні әбден қалжырап, әлі кеткен Гертруда өзіне қарай лақтырылған тастан бұғып қалмақшы болғанда аяғы тайып кетеді де, бұрынырақ лақтырылған тастарға етбетімен құлайды. Беті жерге тие құлаған әйелдің мұрнына ірімшіктің иісі келгендей болады.
Сол мезет ол балалар лақтырып жүрген тастардан иіс шығатынын… ірімшік пен сүттің иісі шығатынын байқайды! Біреуін алады да, аузына салып жібереді – өте дәмді секілді. Жерде жатқан сондай тастардың біразын жинап алады да, бараққа алып келеді. Сотталғандардың ішінде қазақ әйелдері де бар еді. Олар бұл тастың құрт екенін – тұздалып, күннің көзіне кептірілген іркіт екенін бірден айтады.
Сөйтсе, басқа көмектесер амал таба алмаған қазақтар балаларының өмірін тәуекелге тіге отырып, жендеттерге ештеңе байқатпастан қолдарында барын, ең соңғы талғашау етер тамақтарын – құртты тұтқын әйелдерге беріп, аштықтан азап шегіп жүрген әйелдерге қол ұшын бермек болған екен. Өйткені 1930-жылдары аштықтың қасыретін өздері де көрген еді. Тіпті кейін күзетшілерден жасырып, қамыстың арасына піскен ет, талқан, құрт, таба нан да қалдырып кетіп жүріпті.
Осының бәрін көрген тұтқын әйелдер қазақ халқына деген алғыстарын өмір бойы жүректе сақтайтындарын айтқан еді. «Барлық лагерлер жан төзгісіз, бірақ осы қазақстандық лагерлерде көптеген адамдар жергілікті қазақтардың себепкерлігімен тірі қалды. Олар да тұтқындар секілді аштықты, суықты, қайғыны бастарынан өткерген еді», – деп тұтқын әйелдер ағынан жарылатын.
Гертруда Платайстың естеліктері Раиса Голубеваның «Құрт – асыл тас» атты өлеңіне арқау болған.
Құрт – асыл тас.
Қазақ атқан тасқа барып жығылдым –
Тамағыма өксік келіп тығылды.
Құдайым-ау, тас па мынау, немене?
Мұрыныма сүт иісі келе ме?
Үміт оты жарқ етті ғой,
Тас дегенім азық екен
Нәр боп сіңер денеме.
Қарттар неге өшікті деп ойлап едім, таңдана.
(Балаларды айтақтаған шал мен кемпір оңа ма?)
Сөйтсем… сөйтсем, айналайын кең елім,
Ақсақалдар – данышпаным, кемелім,
Сақтау үшін тұтқындардың қу жанын,
Тәуекелге тігіпті ғой өз ұрпағын – сенерін.
Қытыгездер кесіп берген әділетсіз үкімді,
Түсініпті, үлкені де, баласы да – бүкілі.
(Отан сатар шама қайда біздерде,
Сатқындарды мұннан емес, басқа жақтан іздеңдер).
Көк мұзды жастанып ап тере бердім,
Ақкөңілдің қамкөңілге бергендерін,
Жендеттерге сездірмедім бірақ та.
Кете бардым кешке қарай бараққа…
(Ол бір барақ –
зұлымдардың қорлығының ордасы,
Тас қараңғы, тастай суық, моладай).
«Қазақ деген әз халықты қолдашы,
Әлемдерді жаратушы бір Алла-ай», –
деп сол барақта
мұсылманша сиындым.
«Неміспін мен, христианмын»
– деп ойлаудан тиылдым.
Өзім үшін ештеңе де сұрамадым,
Қарттар үшін денге саулық,
Аналарға мол-мол бақыт,
Балаларға шалқар шаттық –
осы болды сұрағаным.
Сенім кеткен мен бейбақтан,
Досым да жоқ өмірде.
(Азап біткен – менен қалған азаптар)
Көргендерім түйіліп тұр көңілде:
Тәрбиенің ең ұлысын балаға
Даналықпен бере алады қазақтар!
ЭКСКУРСИЯ БАҒАСЫ
Экскурсия бағасы (кіріс билетсіз)
18 адамға дейін-30 000 теңге топқа (орыс тілі, қазақ тілі),
40 000 теңге топқа (ағылшын тілі)
18 ден 50 адамға дейін –40 000 теңге топқа (орыс тілі, қазақ тілі), 50 000 теңге топқа (ағылшын тілі)
Баға ішіне кіреді: транспорт (туристік автобус Volvo, Setra, Vanhool, минивен Mersedes Sprinter ), гид-экскурсовод қызметі.
Қосымша төленеді музейге кіретін билет:
300 тг/адам басына.
Дүйсенбі -демалыс куні.